Aлпысыншы жылдарғы Алматы. Жасыл мәуеге малынған маужыр қала. Соғыс кезінде азды кем тұрып, дәмін татып, көзі жұмылғанша тамсана мадақтап өткен ақын Владимир Луговской тауып айтқандай – “Город вещих снов”. Жайраңдаған жайдарман ортадағы жадыра думаннан соң жайлы төсекте жатып, таң алдында тамсана көрген тамаша түстей жайсаң шаһар. Күн сайын түс ауа ағыл-тегіл құйып өтетін ақ нөсерден кейін күміс бауыр жапырақтарын жарқ-жұрқ жалтылдатып, жамыраса сыбдырласқан ақ балтыр қайыңдар арасында мың сан періште бір-бірімен үздіге сыбырласып тұрғандай. Мұзарт құздардан мөлтеңдей құлап, көше сайын мөлдірей шапқыласқан меруерт моншақ тау суын жағалап, қырық сан қызыр серуендеп жүргендей. Аттаған сайын амалсыз кідіріп, бас киіміңді қалай жұ­лып алғаныңды білмейсің. Өйткені, қарсы алдыңнан ол кездегі исі қазақтың бәрі де: “Шіркін-ай, бір көрсем-ау?” – деп жүретін аты әйгілілердің біреуімен қалай да ұшырасып қаласың.

Ол кездегі сондай жаппай аңсарымызды аударатын жайсаңдарымыздың бірі  Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді. Көзқарақты қазақтың қай-қайсысы да ғылым десе – Қаныш Сәтбаевты, әдебиет десе – Мұхтар Әуезовті, батырлық десе — Бауыржан Момышұлын еске алатын. Ал саз өнері дегенде көз алдына төбесіндегі туырылып тұрған тұнық ауада әуелей самғап жүрген әдемі әуенді қармап алғысы келгендей, салалы саусақтарының арасындағы ақ сүйір сиқыр таяқшасын ойнақшыта сермелеп, көк бурыл бұйра шашы желді күнгі толқындай дудырап Ахаң, Ахмет Жұбанов, тұра қалатын. Ол лекция оқиды, дирижерлік етеді дейтін жерге тайлы-таяғымыз қалмай  тегіс ағылатынбыз. Қырау көмген қылаң шашына лайық киім киісі, тіп-тік еңсесі мен шалқақ басына лайық жүріс-тұрысы, кеңірдегіне күш салмай, естір құлаққа ғана еншілеп, ерінінің ұшымен емескілеу тіл қататын биязы дауысы – бәрі-бәрі терең парасат пен биік талғамнан тағылым танытқандай. Қол созым жерде тұрып, ұшар шыңның басынан тіл қатқандай. Көз жетпестей алыс, қол жетпестей биік көрінетін. Сондай қиялыңмен ғана аймалай алатындай арман тұлғамен көзі мен көзің, сөзі мен сөзің тоғысатындай жерден бетпе-бет жүздесіп, емен-жарқын тілдесе қоямын деп кім ойлаған?!.

 

реферат / 25 бет


You must be logged in to leave a reply.