Жоспары:

І. Кіріспе.
Журналист этикасы

ІІ. Негізгі бөлім
а) Халықаралық журналистика тәжірибесі
ә) Журналистің әлеуметтік ұстанымы мен кәсіби этикасысының нормалары

ІІІ. Қорытынды.

І. Кіріспе. Журналист этикасы

Журналист – ашық қоғамның, әділеттіктің салтанат құруының тілеулесі әрі халық мүддесінің жанашыры. Сондықтан да олар қоғамдық ортада ерекше ілтипат пен зор құрметке қашанда лайық. Публицистің абырой-атағын жоғары ұстау, оған кір келтірмеу әрбір журналистің кәсіби парызы және этикалық нормасы болуы тиіс.

Журналист сөзімен де, өзімен өзгеге үлгі боларлықтай ғылыми-теориялық білімі терең, батыл да принципшіл, кішіпейіл әрі ашық мінезді иманды адам болуы міндетті. Сонымен қатар оған жазу мәдениетін толық игерген жоғары сауаттылық пен тума таланттылық, асқан дарындылық та өте қажет. Осы қасиеттер арқылы белгілі бір журналистің қоғамдық-саяси ахуалға деген ұстанымы мен көзқарасы, моральдық-этикалық тәлім-тәрбиесінің деңгейі анықталады.

Этика – адамгершілік пен мораль туралы теориялық заңдар мен тәжірибелік талап-тілектерді зерттеп, қалыптастыратын ғылым саласы. Яғни, адамдардың қоғамдағы өмір сүру нормалары мен бір-бірімен қарым-қатынасы жайлы ұғымды танытады. Еңбек сүйгіштік, адалдық, достық, сыйластық, сыпайылық, өзіңді-өзің дұрыс ұстай білу, жақсы мінез – осының бәрі этика қағидаларын анықтайды. Сөйтіп, этика жалпы алғанда адамгершілік міндеттерге бағынады. Этика саналы адам болуды қалайды. Демек, журналист те осындай қасиеттерге ие болу керек екені түсінікті. Өйткені журналистің кәсіби мамандығы мұндай қасиеттерсіз табысқа жетуі қиын. Этикалық нормалалардың заңда жасалмаған тұстарын журналист өз ақылымен, сана-сезіммен ұғып, білуге тиіс. Ол адамгершілік идеал мен азаматтық парыздан туындайды.

Этика термині ежелгі гректің ethos (этос) деген сөзден пайда болған. Алғашқыда бұл сөз мекен ету орта, үй, жануарлар апаны, құс ұяшығы деген мағынаны білдіреді. Кейіннен бұл сөз әдет-ғұрып, салт-сананы, мінез-құлықты білдіретін сөзге айналды. Бұл «этос» сөзінен ұлы Аристотель «этикалық» деген түбірге қосымша енгізіп, адамзаттың ерекше қасиеттерін анықтайды.  Білім алудың ерекше  түрі ретінде Аристотель  ғылымға «этика» саласын енгізді. Этикалық қасиетті кейде рухани қасиетке жатқызады. Адамдарда рухани және этикалық қасиеттерде айырмашылықтар бар.

Аристотельдің этикасына Цицерон moralis (моральдық) деп анықтама береді. Оның айтуынша, бұл сөз латыннан аударғанда мінез-құлық, сән, салт-дәстүр деген мағынаны білдіреді. Яғни Цицеронның моральдық философиясы Аристотельдің этикасымен дәлме-дәл сәйкес келеді. Сонымен IV ғ. б.з.д. латын тілінде болған «moralitаs» «мораль» термині гректің «этика» сөзімен бірдей мағынада қолданылады екен.
Кейбір зерттеуші ғалымдар этика және мораль терминдерінің тарихын неміс тілінің «Sittlichkeit» терминімен (Sittе» «мінез», «slichkeit» «өнегелі») қарастырады. «Этика», «мораль», «адамгершілік» – бастапқы мәнде әртүрлі сөздер болғанымен, бір терминдік ұғымдар. Уақыт өте келе бәрі өзгерді, мәдениет дамыды. Этика – білім, ғылым саласының басты тармағы, мораль – сол салаларды оқытатын пән болып табылады.

Мораль мен адамгершілік ұғымдары уақыт өте келе көп өзгерістерге ұшырады. Мәселен, Гегель моральды адамгершілік іс-әрекет тұрғысында қарастырады.  Ал, Аристотель моральды адам жанының маңызды рөлі ретінде анықтайды .

Ежелгі грек философы Сократ этикалық ұғымдарды (айбындылық, әділеттілік) анықтаумен жалпыландырудың үлгісін жасады. Ұғымды анықтаудан бұрын әңгімеге жол берілуі керек, соның барысында бірнеше сұрақтардың көмегімен әңгімелеушінің сөздеріндегі қайшылықтар анықталмақ. Бұл орайда Сократ майевтика (сөйлесу өнері) әдісін ұсынады. Сократтың этикасы рационалды: жаңсақ әрекеттер білместіктен жасалады, ешкім де өз еркімен зұлым болмайды. Адам өзіне үңілген сайын, өзінің білімсіздігін аңғармақ. Сократқа жүгінсек «Менің білетінім ештеңе білмейтіндігім» қағидасының мәні ашыла түспек.

Ал, Сократтың шәкірті, ежелгі грек философы, Платонның пікірінше, сезімдік танымның ақиқатты тану жолында ешқандай маңызы жоқ, себебі түйсіктер арқылы алған мәліметтер заттардың өзіндегі құбылыстар туралы білім емес, тек адамдардың пікірінде ғана қалыптасқан ұғымдар. Ал заттардың көзге көрінбейтін шын мәнін тек ақыл-ойдың күші арқылы білуге болады. Сондықтан шын ақиқатты түсініп білу үшін ақыл-ой заттар әлемінен аластатылып, жанның идеялар әлемінде көргендерін есіне түсіруге мүмкіндік алуы керек.
Ежелгі грек философы, энциклопедист-ғалым Аристотель адамның ақыл-парасатының қабілетін этикадағы ең жоғарғы қозғаушы күш деп тапты. Аристотельдің моральдық үлгісі – Құдай, яғни «өзін ойлайтын ой» – нағыз кемелденген философ. Аристотель: «Рақымшылдыққа ең алдымен дұрыс бағытталған ақыл қызмет етеді» . Демек, адам баласының сезімі дұрыс бағытталса, онда ақыл-ойы да соған орай іс-әрекетке барады.

Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын білдіретін зерттеулері де баршылық. Олар: «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында», «Никомаха этикасы» деп аталатын ғылыми еңбектері. Әл-Фараби өз зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударып отырған. Этиканың зерттеу объектісі – мораль, мінез-құлық, әдептілік нормалары екенін жан-жақты дәлелдеген. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, этиканың ең жоғары категориясы бақыт болып табылады. Сондай-ақ ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік қасиеттерден бөліп қарауға болмайды дегендей пікір айтады. Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады.

 Курстық жұмыс / 30 бет


You must be logged in to leave a reply.