27. декабря 2011 · Комментарии к записи ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСТАРЫ отключены · Categories: Тіл ғылымы, Филология, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу

МАЗМҰНЫ

Кіріспе
ХІХ ғасырдағы қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының зерттелуі……3-10

Негізгі бөлім

1-тарау. Қазақ-қырғыз халықтарына ортақ «зар заман»
А) Молда Ќылыш Шамырќан±лы (1866-1917)……11-19
Ә) Албан Асан Барманбекұлы (1866-1916)……..20-30
Б) Қалығұл Байұлы (1785-1855)…………..31-35

2-тарау. Қазақ-қырғыз ақындар айтысы
А) Сарбас пен Қалмырзаның жұмбақ айтысы..36-42
Ә) Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысы……….43-50

Қорытынды…………..51-52
Пайдаланылған әдебиеттер………53-54

Кіріспе

 ХІХ ғасырдағы қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының зерттелуі                        

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Әдебиеттану ғылымында әдеби байланыстардың алар орны ерекше. Себебі, “Қай халық болмасын өзінің әлеуметтік-қоғамдық даму жолында өзгеден оқшау, томаға-тұйық қалмай, өзге елдермен алуан түрлі байланыс жасайды. Әр қилы экономикалық, саяси, сауда қатынастарына енеді. Тұрмыс, мәдениет, шаруашылықтың әр саласынан тәжірибе алмасады. Халықтың бір-бірінен еңбек, өмір тәжірибесін үйреніп, алмасуы, үлгі, өнеге алуы қай заманнан бар құбылыс. Қоғамдық құрылысы, шаруашылығы ұқсас, іргелес, көршілес, Һәм туысқан елдердің қарым-қатынас, байланысы мүлде  күшті болады. Тіпті қырғи қабақ елдердің халықтары арасында да түрлі қатынас, байланыс жүріп жатады” (1,184).

Ал қазақ  пен қырғыз халықтарының туыстығы өз алдына. Ежелден еншісі  бөлінбеген екі елдің тұрмыс-салты, әдет-ғұрыптары, тіпті талайлы тағдыры да ұқсас.

“Қазақ Алатауы мен Қырғыз Алатауының арасында ежелден жыр көші толастамаған. Таудай тұлғалы Абай мен Манастың, көмекейіне бозторғай ұя салған Тоқтағұл мен Жамбылдың, заманымыздың заңғар биігіне айналған Мұхтар мен Шыңғыстың егіз елдің әдебиетінің көшбастаушылары ғана емес, рухани бауырластықтың дәнекері ретінде де шоқтығы биік тұрады” (2,20).

          Диплом жұмысының зерттелу деңгейі.  Қазақ-қырғыз халықтарының әдеби, мәдени байланыстары әр кезде, әр түрлі деңгейде сөз болып, көптеген ғалымдардың еңбектеріне арқау болып келеді. Соның ішінде әсіресе, ауыз әдебиеті мен кеңес дәуірі әдебиеті көбірек сөз болып, тәп-тәуір зерттелді. Оны зерттеу тым ерте, әріден, яғни Ш.Уалихановтан басталатынын біз мақтанышпен айта аламыз.

ХІХ ғасырдағы қазақ-қырғыз әдеби байланыстары, әсіресе екі елге ортақ “зар заман” ақындары шығармашылығын зерттеу кезінде үстемдік құрған солақай саясаттың кесірінен қағажу көріп, кенжелеп дамығаны жасырын емес.

Бұл тақырыпты өткен ғасырдың 70 жылдары А.Мусинов деген азамат арнайы зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. 1974 жылы бұл зерттеу “Ғылым” баспасынан “Қазақ-қырғыз әдеби байланыстары” деген атпен жеке кітап болып басылды да. Ғалымның зерттеу еңбегі кіріспе мен қорытындыдан және негізгі үш тараудан тұрады.

Кіріспеде қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының зерттелуі, екі ел әдебиетінің жанрлық ерекшеліктерінің қалыптасуында түркі халықтары мен орыс әдебиетінің алатын орнын, сондай-ақ  қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын зерттеген Ш.Уалиханов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Қ.Нұрмаханов, Ә.Марғұланның, қырғыз әдебиетшілері Ж.Таштемиров, Б.Керимжанов, М.Богданова, К.Есалиевтердің еңбектері сараланады.

“Екі ел әдебиетінің қайнар бастаулары” (Истоки близости двух литератур) деген І тарауда, зерттеуші Еуропа әдебиеті мен мәдениетінен терең сусындаған Шоқан, Абай сынды ғұламалардың қырғыз жазба әдебиетінің қалыптасуына жасаған игі ықпалын жан-жақты сөз етеді (3,15-48).

Алайда ғалым өзі сөз етіп отырған ХІХ ғасыр әдебиетіне қатысты осы тарауда екі елге ортақ зар заман ақындарының шығармашылығына  тоқталмайды. Тек көптеген өлеңдерін Абай, Ыбырай поэзиясының әсерімен жазған, әсіресе, И.А. Крылов мысалдарын аударуда Абайды өзіне ұстаз тұтқан Тоғалақ  Молда (Байымбет Абдырахманов) шығармашылығы ғана жан-жақты сөз болады.

Ал, “әр түрлі формалық байланыстар” (многообразие форм  взаймосвязи) деген екінші тарауда зерттеуші ауыз әдебиетінің түрлерін, олардың даму ерекшеліктері мен ұқсастықтарын айта келіп, “революцияға дейінгі қазақ-қырғыз әдебиетінде Қазақстан мен Қырғызстанның Россияға қосылуын “ақырзаманның” белгісі ретінде қабылдап, өлеңдер шығарған Шортанбай, Дулат, қырғыздың Қалығұл, Арыстанбек сынды кертартпа, буржуазиялық ағымдағы ақындары болды” деп жалпылама атап өтеді. (3,56)

Әрине, қай әдебиетшінің де өзі өмір сүрген қоғамның ықпалында болатындығын ескерсек, зерттеушінің сол ақындардың шығармашылығының әділ бағасын бермегендігі емес, бере алмауының өзіндік себептері бар сияқты.

Біріншіден, ғалым ағамыз ХІХ ғасыр әдебиетін, соның ішінде “зар заман” поэзиясы өкілдерін зерттеуді арнайы мақсат етіп қоймаған.

Екіншіден, Дулат, Мұрат, Шортанбай немесе қырғыздың Қалығұл, Арыстанбек, Молда Қылыш, Нұрмолда, Алдаш молда т.б. сынды “кертартпа-реакцияшыл” деп танылған ақындар шығармашылығын сөз етіп, пікір білдіру, әсіресақ ол заманда өзіңе-өзің үкім шығарумен бірдей екені айтпаса да түсінікті еді.

“Зар заман” позиясының өкілдері 50 жылдарға дейін біршама зерттеліп, орта мектептің бағдарламаларында оқытылғаны белгілі. Мысалы, “1940 жылы С.Мұқановтың құрастыруымен 8-сыныпқа арналған  хрестоматия-оқулықта халық әдебиетінің ірі классиктері деп Дулат, Мұрат, Сүйінбай, Шортанбай, Шернияз, Махамбет, Досқожа аталды” (4). Одан басқа да еңбектерде, мысалы 1931 жылы С.Сейфуллин құрастырған “Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларында”, 1933 жылғы М.Әуезов, М.Жолдыбаев, Ә.Қоңыратбаевтар жариялаған “ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” деген кітапта, С.Мұқановтың 1942 жылы басылған “Қазақтың ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы әдебиетінің очерктері” деген оқу құралында, Қ.Жұмалиевтің құрастыруымен 1943 жылы басылған 8-сыныпқа арналған әдебиет оқулығында Дулат, Мұрат, Шортанбай т.б. зар заман ақындарына біршама орын берілген болатын.

Ал, “Коммунистік идеология әдебиет пен өнерге үстемдік құрып тұрған кезеңде зар заман ақындары шығармаларының жолы оңғарылмады. Партияның қаулы-қарарлары өршіл өлеңдердің отын өшіруге тырысты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылы 21 қаңтардағы “Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмыстарындағы саяси өрескел қателер туралы” қаулысы халықтың інжу-маржандай асыл туындыларын архивке қайта тықты” (2,6). Одан қалса “50 жылдары “Правда” газетінде “Қазақстан тарихы марксизм-ленинизм тұрғысынан  зерттелсін” деген мақала шықты. Осыған орай енді жер-жерде ғылыми айтыстар ұйымдастырыла бастады. Мәселен, Фрунзе (1952), Алматы (1953), Москва (1954), Ташкент (1956) қалаларында КСРО халықтарының батырлық жырлары туралы (дискуссия) пікірталастар өтті. Қазақ-қырғыз халқының фольклорына жан-жақтан шабуыл жасалды. Мысалы, “Манас” жыры монархиялық тәртіпті жақтайды. Қытай халқының ары мен намасына тиеді десе, екінші біреулері  “Алпамыс эпосы” әулие-әмбиелерді дәріптейді, рушылдық-тайпалық одақты асыра мақтайды, кедей тобынан шыққан Ұлтан құлды мазақтайды деп даурықты” (4).

Ол аз болғандай 1952 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитетінің “Қазақ халқының әдеби-поэзиялық  және музыка мұрасын зерттеудің сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы қаулысы” шықты (5). Сол қаулыға орай Қазақ  КСР Ғылым академиясы  Әдебиет және өнер институтының 1959 жылдың 15-19 маусым аралығында өткізген ғылыми-теориялық конференциясы түгелдей дерлік Дулат, Мұрат, Шортанбай, Әбубәкір сынды зар заман ақындарының шығармаларын талдап-тануға арналды (6).

Әрине, конференцияда бірінен кейін бірі сөз алған ғалымдардың ішінде олардың шығармаларын даттағандары да, ақтап алуға тырысқандары да болды.

Десек те, бірде датталып, енді бірде ақталып, әдебиет әлемінде қызу талқыға түскен зар заман ақындары мүлде ұмытылып, іздеусіз қалмады. Белгілі сыншы, ғалымдар оларға айналып соғып, тарих бетінде қалдыруға барынша күш салды. Саясат салқынымен оларға негізсіз айып, жазықсыз жала жабылған кездер де аз болмады. Кейін де Ы.Дүйсенбаев, Қ.Жұмалиев, Қ.Өмірәлиев, Ә.Қоңыратпаев, Х.Сүйіншәлиев, Т.Нұртазин сынды белгілі ғалымдар бұл кезеңге қатысты сүбелі зерттеу еңбектерін жазғаны мәлім.

Біздегі зар заман ақындарының көрген құқайы бұлай болғанда, көршілес қырғыз ағайындардың халі нешік? Енді соған келейік.

Белгілі ғалым ф.ғ.д, Б.Омарұлы “Тағдырлас, даму заңдылықтары ұқсас екі елдің әдебиеті де партияның қаулы-қарарларын орындаймыз деп асыра сілтеген солақай сындардан таяқты бірдей жеді ( 2,21) дейді.

Тоталитарлық жүйенің идеологтары шығармалары ел арасынан жиналып, енді ғана насихаттала бастаған Қалығұл, Арыстанбек, Молда Қылыш т.б. тұлғалы ақындарға феодалдық-патриархалдық заманның ескішіл, реакцияшыл, мистик ақындары деген жала жауып, шығармаларын басып шығаруға, оқып үйренуге тиым салады. Олардың шығармалары оқу бағдармаларынан алынып тасталды. Арыстанбек, Молда Қылыш мұраларын жинап, арнайы зерттеген Т.Самаичин, Ж.Шүкіровтер қудалауға түсіп, репрессияға ұшырайды. Бұлардың қатарына қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын салыстыра зерттеген көрнекті ғалым Мэдина Богданованы да қосуға болады.

Белгілі бір қоғамда өмір сүріп, белгілі бір тарихи оқиғаларға үн қосқан екі елдің зар заман ақындары шығармашылық  өмір жолдарының зерттелуі міне, осындай.

1988 жылы “Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40-шы жылдар кезеңі мен 50-ші жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитеті Комиссиясының қорытындысы жарияланды (7).

Осы қорытындыдан кейін тоталитарлық жүйеге негізделген кеңестік идеологияның сірескен сеңі бұзылды. Іле-шала өткен өмір жолымызға қайта үңіліп, қапаста көмілген асыл мұраларымызды тазалап, таразылауға тыңнан түрен түсе бастады. Бүгінде “зар заманның” зарлауық, кертартпа ақындары деп танылған Дулат, Мұрат, Шортанбай, Әбубәкір шығармашылығы жаңаша көзқарас тұрғысынан талданнып, әділ бағаларын алды. Сыншы-ғалым Қанипаш Қайсаққызы Мәдәбай Шортанбай мұрасын, әдебиетші ғалым Серік Бермағамбетов Әбубәкір Кердері шығармашылығын, Тараз университетінің оқытушысы Эльмира Пертаева Дулат творчествосын зерттеп кандитаттық диссертациялар қорғады. Белгілі ғалым-журналист Б.Омарұлы Мұрат Мөңкеұлы мұрасынан кандитаттық, “Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы: генезис, типология, поэтика” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Соңғы зерттеу қазақ әдебиетіндегі 100 жылдық тарихы бар зар заман ағымын генезис, типология, поэтика мәселелері тұрғысынан терең ашып, жаңаша көзқарас тұрғысынан саралаған салиқалы еңбек. Ғалым «Ең алғаш М.Әуезов «Зар заман» деп атап, кейін сөздік қорымызға берік енген осы бір әдеби құбылыстың теориялық негіздемесін жасағанда неге сүйенуіміз керек? Бұл не, бағыт па, ағым ба, жоқ әлде сарын ба? Болмаса, көркемдік әдістің қай түріне жатады? Поэзиядағы зар заманның орны қандай? Бұл сауалдарға жауап беру жан-жақты ізденістерді талап етеді» (8,42) дей келіп, поэзиядағы болып жататын құбылыстарды қандай да бір үлгі-өлшемдерге бірден орайластыра қоюдың оңай шаруа еместігін ескертеді. Бір ғасырдан астам тарихы бар поэзиядағы осы бір құбылысты (зар заманды) ағым ретінде дәлелдеудегі ізденістері ғалымның терең білімін, парасат-пайымын, сұңғыла зерттеуші екенін де танытқандай. Ғалым бұл құбылысты Қ.Жұмалиев ат қойып, айдар таққан регресшіл романтизм (9,179) не болмаса Т.Нұртазин дәлелдеуге тырысқан, яғни жаңаның, жаңалықтың бәрін жат санаған консервативтік романтизм емес (10,170), бұл ең алдымен қоғамдық ойдағы ағым деп дәлелдейді. Сонымен қатар зар заман ақындарының ұстанған бағытына шығармаларының жанрлық ерекшелігі мен идеялық мазмұнына, тіпті жазба әдебиетке қатыстылығына дейін саралай келіп, мынадай пікір ұсынады.

«Зар заман» — отаршылдық қысымын көрген елдің әдебиетінде рухани құндылықтардың азып-тозуына налудан, қоғамның болашағына үміт артпай, ізгілікті өткен өмірден іздеп, халықтың салт-дәстүрлері салтанат құрған кешегі күнін аңсаудан, ежелден ұлттық танымына, көшпенділік табиғатына жат құбылыстарды қабылдамай, дәуірге наразылық білдіруден туған ағым» (8, 52). Сондай-ақ бұл зерттеу ХІХ ғасырдағы қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын жан-жақты салыстыра қарастыратындығымен де құнды.

Бұл салада қырғыз ғалымдары да құр алақан емес. 1990 жылы Фрунзеде басылып шыққан “Мурас” атты оқулық-хрестоматия зар заман поэзиясы өкілдерінің еңбектерін топтастырған алғашқы жинақтардың бірінен саналады. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Б.Кебекованың “Қырғыз-қазақ фольклорлық байланысы” (Илим-1982) деген еңбегі өз алдына бір төбе болса, оның құрастыруымен шыққан “Арыстанбек” (Ырлар, Бишкек-1994), “Қырғыз эл эрчылары” (Бишкек-1994), атты кітаптар көптеген олқылықтардың орнын толтырған құнды зерттеулердің қатарында. Сондай-ақ жас ғалым Назгүл Бегалиеваның да Арыстанбектің өмірі мен шығармашылығын зерттеп кандидаттық диссертация қорғағанын (Бишкек-1998) айта кеткен орынды. Сыншы-ғалым С.Алақанның “Беш молда” (Бишкек-2004), ф.ғ.д. профессор А.Ақматалиевтің жалпы редакторлығымен “Залкар ақындар” сериясымен шыққан (2 том, Бишкек-1998-99) жинақтардың да өзіндік тың деректері, әсіресе, қазақ-қырғыз ақындар айтысына орын беруімен де құнды. Сүйінбай мен Арыстанбектің, Қаңтарбай мен Арыстанбектің, Сарыбас пен Қалмырза айтыстарының қырғыз нұсқалары да біз үшін өте маңызды. Мәселе әрине қай ақынның жеңген немесе жеңілгендігінде емес. Негізгі мақсат айтыс барысында екі елдің тұрмыс-салты мен хал-ахуалының қалай көрінетіндігін, отарлау саясатының ақындар шығармашылығында қалай жырға қосылғандығын бағамдау.

Зертеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. ХІХ ғасырдағы қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын зерттеп, зерделеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі деп есептейміз. Себебі, тарих көшінде ұмыт қалған қаншама асыл мұраларымыз осы ғасырдың еншісінде. Бір ғана ақындар айтысына қатысты қаншама қызықты дүниелер архив қойнауында жатыр. Ендеше екі елге ортақ зар заман ақындары мұраларын, екі елдің еркелеткен ақындарының айтыстарын зерттеп зерделеудің маңызы үлкен.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бұл диплом жұмысында ХІХ ғасырдағы қазақ-қырғыз әдеби байланыстары алғаш рет ғылыми негізде жүйелі түрде талданады. Атап айтқанда, қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының зерттелуі, екі елге ортақ зар заман ақындарының мұралары бір-бірімен сабақтастырыла, салыстырыла қарастырылады. Сондай-ақ қазақ-қырғыз ақындар айтысы да осы диплом жұмысы барысында арнайы сөз болады.

Зерттеудің дерек көздері. Зерттеудің дерек көздері ретінде Б.Ақмұқанованың “Әдеби байланыстың зерттелуі” кітапта: Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Алматы: “Ғылым”, 1976, Б.Омарұлының “Бұғауға бағынбаған жырлар”. Алматы: “Ана тілі”, 1998, А. Мусиновтің “Казахско-киргизские литературные связы”. Алма-Ата: “Наука”, 1974, Садырбайұлы С. Шортанбайдың ақындығы. //Қазақ әдебиеті, 1992, 4-қыркүйек, ҚКП Орталық Комитетінің 1957 жылы 4 июль күнгі “Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка зерттеудің, сын тұрғысынан қалай пайдаланудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы” қаулысы. //Қазақ әдебиеті, 1957, 26 шілде, Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы, 1961, Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40-шы жылдар кезеңі мен 50-ші жылдар басында қабылдаған қаулыларды зерттеу жөніндегі ҚКП Орталық Комитеті комиссиясының қорытындысы. //Социалистік Қазақстан. 1989, 9 желтоқсан, Б.Омарұлының «Зар заман поэзиясы». Алматы: “Білім”, 2000,   Садык Алаханның. Беш молдо. Бишкек, 2004, М.Богданованың  Киргизская литература. Москва, 1947, Қазақ поэзиясының анталогиясы. //Жауапты редакторы Қ.Сыдиқов// Алматы: “Ғылым”, 1993, Ж.Мұхаметнұрұлының Шортанбаймен үндес ақын Асан Барманбекұлы туралы не білеміз.  //Ақиқат -1997,  №11, Т.Қаупынбайұлының Ақырғы демі үзілмейді ақынның. //Егемен Қазақстан -1996, 20 қаңтар, М.Мырзахметұлының Отаршылдық дәуірдегі әдебиет. //Жұлдыз -1993, №7, Сапабек Әсіптің. Қазақ қасіреті. Алматы: “Қазақстан”, 1994, Ә.Кекілбаевтың. Күй тәңірі. //Егемен Қазақстан. 1993, 16 қазан. Сүйүмбай менен айтышы. Арстанбк. Ырлар. Бишкек, 1994, Кыргыз эл ырчылары. Бишкек, 1994. Б.Омарұлының Бұғауға бағынбаған жырлар. Алматы: “Ана тілі”, 1998. Б.Кебекованың Арстанбек. Бишкек, 1994, Үмбетаев М. Пірім менің Сүйінбай. Алматы: “Ғылым”, 1992, Н.Бегалиеваның Арстанбектин өмүрү жана чыгармачылыгы. Бишкек, 1998, Залкар акындар. Бішкек, 1998, Б.Омарұлының Қазақ-қырғыз қасіретнамасы. Қызылорда, 1998, Қырғыз эл ырчылары. Бішкек, 1994 атты жинақтары пайдаланылды.

Зерттеудің практикалық мәні. Зерттеу нәтижелерін қазақ әдебиетінің жаңа тарихын жасауда, орта, арнайы мектептерге оқулықтар, оқу құралдарын жазуда, сондай-ақ әдебиет тарихы пәнінен арнаулы курс, арнаулы семинар өткізу барысында пайдалануға болады.

Зерттеудің құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлім екі тарау мен қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі беріледі.

 Дипломдық жұмыс / 55 бет


Comments closed.