28. декабря 2011 · Комментарии к записи Көлік экспедициясы. Тасымалдау шарты отключены · Categories: Құқық, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, заңтану

Жоспары:

Кіріспе бөлім.
Негізгі бөлім:
1. Тасымалдау шарты туралы жалпы ережелер.
2. Жолаушылар мен теңдеме жүктi тасымалдау шарты және тасымалдау шартының басқа да түрлерi.
3. Тасымалдау шарттары бойынша жауапкершiлiк.
4. Көлiк экспедициясы шарты.
5. Тараптардың құқықтары мен мiндеттерi.
Қорытынды бөлім.
Қолданылған әдебиет.

Кіріспе.

  Тасымалдауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру және оны басқа тұрғыдан да қамтамасыз етумен байланысты шарттық мiндеттемелер Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа да мемлекеттердiң шарттық құқығының жеке бiр саласын құрайды.

Көлiк – бұл жоғары дәрежелi техногендiкпен, техникалық жабдықталумен, қоғам мен мемлекеттiң тiршiлiк әрекетiн қамтамасыз ету үшiн стратегиялық маңызбен сипатталатын салалардың бiрi. Сол себептi тасымалдау қатынастары дәстүрлi түрде көлiк құқығы аясында қарастырылады және ол техникалық сипаттағы нормалардың көптiгiмен сипатталады.

Сонымен қатар, сақтандыру қатынастары мен есептiк несиелiк қатынастарындағыдай, азаматтық құқықтық реттеу аясына көлiк қызметiнiң, мiндеттемелiк (тауарлы-ақша) қасиетi бар қатынастар тобы жатқызылған. Ертеректе олар екi жақты қасиетке, яғни азаматтық-құқықтықпен қатар, қазiргi терминологиямен айтатын болсақ, жария-құқықтық қасиетке ие екенi мойындалғанын атап өту қажет.

Олар әкiмшiлiк актiден (яғни тасымалдауды жоспарлау актiлерi) және шарттардан туындай алатын. Соның салдарынан көлiк мiндеттемелерi туралы сөз болатын. Қазiргi таңда жоспар тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымдардың iшкi, шаруашылық қызметi үшiн ғана маңызды,  сондықтан ойымызды, тасымалдауға қатысты шарттар – тасымалдау шарттары туралы өрбiткен дұрыс болар.

Бұл айтылған сөз көлiктiң экономиканың ерекше саласы ретiнде, жоғары қауiп ретiнде, техникалық жағынан күрделi және тәртiпке салынған жүйе ретiнде қызмет етуiне қатысты ерекшелiктерiн ескермеуге болады дегендi бiлдiрмейдi. Сол себептi тасымалдаудың шарттық мiндеттемелерi көлiк түсiнiгiнiң өзiн анықтайтын, оның қызметiнiң стандарттары мен ұйымдастырушылық алғышарттарын (мысалы, көлiктi мемлекеттiк реттеуге қатысты) белгiлейтiн нормалар арқылы қарастырылады.

Қазiргi уақытта көлiктi мемлекеттiк басқару төмендегi мiндеттердi шешуге бағытталған:

— көлiк аясындағы Қазақстан Республикасының мүдделерiн қорғауға;

— көлiк аясындағы мемлекетаралық және халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға;

— меншiк нысанына қарамастан көлiктiң барлық түрлерiнiң құқықтық және нормативтi мәртебесiн анықтайтын заңдық және өзге де актiлердiң, стандарттардың, нормалардың жобаларын жасауға;

— көлiктiң барлық түрлерiн дамытудың тұжырымдамалары мен мемлекеттiк (ұлттық) бағдарламаларын жасауға; инвестициялық, ғылыми-техникалық және әлеуметтiк саясатты қалыптастыру мен жүргiзуге, сондай-ақ кадрларды оқыту мен дайындауға;

— көлiк қызметтерiн тұтынушылардың құқықтарының сақталуын бақылауға;

— болжамдарды жасауға және тасымалдауға деген республика мен тұрғындардың мемлекеттiк мұқтаждарының қажеттiлiктерiн уақытысында сапалы түрде қамтамасыз етуге;

— Қазақстан Республикасы көлiк кешенi қызметiнiң жұмысын үйлестiру мен мемлекеттiк реттеу функциясын жүзеге асыруға.

Мемлекет, осыған сүйене отырып, тасымалдау шарттарын бекiту үшiн ұйымдастырушылық алғы шарттар мен көлiк инфрақұрылымын құратын болады және басқа шараларды да жүзеге асырады. Халыққа көлiктiк қызмет көрсету бойынша вокзалдар, порттар, кемежайлар, аэропорттар, жаяу жүрiс көпiрлерi мен тоннелдер, жолаушылар платформалары мен өзге де объектiлер құрылысын жүргiзу оны жеке кәсiпкерлер тарапынан қаржыландырумен қатар республикалық және жергiлiктi бюджет есебiнен жүзеге асырылады. Мұндай қызмет тасымалдауды жүзеге асыру үшiн айтарлықтай қосымша маңызға ие болады.

Мемлекеттiң әртүрлi аймақтарына, елдi мекендердiң iшiнде, мемлекет аумағынан тыс жерлерге жүктер мен адамдарды үздiксiз жеткiзудi қамтамасыз ету болып табылатын көлiктiң қызмет етуiнiң тiкелей мақсаттарына тасымалдау шартының көмегiмен жетуге болады, оның өз кезегiнде тасымалдау процесiн қамтамасыз ететiн өзiмен тығыз байланысты бiрқатар түрлерi бар. Осыған байланысты шарт тасымалдау қатынастарының пайда болуы мен жүзеге асуын, олардың қатысушыларының тиiстi тәртiбiн және т.б. қамтамасыз ететiн құқықтық құралдардың бiрi болып табылады.

Әрекет етушi заңнамамен көлiк шарттарының төмендегiдей түрлерi белгiленген: а) жүктi тасымалдау шарты; б) жолаушыны (және қол жүгiн) тасымалдау шарты; в) кеме жалдау (чартер) шарты; г) тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттар; д) көлiк ұйымдары арасындағы шарттар; е) жалпы пайдаланыстағы көлiкпен тасымалдау шарты; ж) көлiк экспедициясы шарты. Сонымен қатар, аталған шарттардың кейбiреулерi тасымалдау қандай көлiкпен жүзеге асырылатынына қарай түрленетiнiн ескерсек, онда көлiк шарттарының құрылымы өте үлкен болып көрiнедi.

Жүктердi, жолаушы мен теңдеме жүктi тасымалдау шартының негiзiнде жүзеге асырылады.

Тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жүктi немесе жолаушыны (теңдеме жүктi) белгiленген мекенге жеткiзуге мiндеттенедi, ал жүк жөнелтушi немесе шартта көзделген басқа да тұлға, жолаушы көрсетiлген көлiк қызметi үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi. Тасымалдау шарты аталған мiндеттемелердiң iшiнде аралық болып табылады. Оның мазмұнын, сондай-ақ басқа да негiзгi көлiк шарттарының мазмұнын кейiнiрек қарастырамыз.

Жоғарыда айтып өткенiмiздей, бұл мiндеттемелердiң ерекшелiктерi өздерi туындайтын салалармен байланысты. Сол себептi заңнамада көлiк түсiнiгi арнайы бөлiп қарастырылады, және қайсыбiр көлiк соларға сай болуға тиiс көптеген арнайы талаптар бар.

Көлiк түрлерi. Объективтi сипаттағы себептер бойынша бөлiнуi қажет болатын, көлiктiң бiрнеше түрi бар, олардың ерекшелiктерi мен қолданылу аясы пайдалану ерекшелiктерiне себеп болады және олардың қайсыбiрiмен тасымалдауға бекiтiлетiн шарттардың мазмұнына елеулi түрде ықпал етедi.

Қазақстан Республикасының көлiгi – бұл оның аумағында тiркелген темiржол, автомобиль, теңiз, iшкi су, әуе, қалалық электрлiк көлiктер. Оның бiр түрiне магистральды құбыр көлiгi де жатқызылады. Көлiктiң аталған түрлерi Қазақстан Республикасының көлiк жүйесiн құрайды.

Құқықтық реттеудiң қайнар көздерi. Тасымалдау мен өзге де көлiк шарттарының жалпы ережелерi тiкелей Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiмен анықталады, онда оларға 14 пен 35-тараулар (688-714-баптар) арналған. Алайда басқа да заңдық және нормативтiк актiлердiң маңызы аса зор. Бұл тасымалдауды жүзеге асыру процесiнде көлiк қатынастарының барлық қатысушылары үшiн мiндеттi болып табылатын қауiпсiздiк бойынша және басқа да технологиялық сипаттары көп мөлшердегi арнайы талаптардың сақталуға тиiстiгiмен байланысты. Бiрақ, қазiргi таңда көлiк кәсiпорындарының шаруашылық қызметiне, яғни олардың шарттық тәжiрибесiне де, мемлекеттiң араласпау торабы нақты бекiтiлген. Көлiк қызметiн мемлекеттiк реттеудiң шек-терi арнайы көлiк заңнамасында көрсетiлген.

Тасымалдаушылар қызметтерiн тұтынатындар үшiн тасымалдаудың бiрыңғай параметрлерiн қамтамасыз ету де (негiзiнен) аса зор маңызға ие. Осы саладағы құқықтық реттеудi бiр iзге келтiру үшiн 21 қыркүйек 1994 жылы “Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы” Заң қабылданды. Онда Қазақстан Республикасындағы көлiк қызметiмен байланысты жария сипаттағы қатынастарды реттейтiн нормалармен қатар тiкелей азаматтық-құқықтық қатынастарды реттейтiн нормалар (жалпы сипаттағы) да бар. Жария және жеке нормаларды орналастыру – басқа да көлiк-құқықтық актiлердiң ерекшелiк белгiсi. Бiрақ, бұл мұндай жағдайда қандай да бiр әкiмшiлiк-құқықтық “дақтары” бар шарт туралы айту қажет екенiн бiлдiрмейдi, алайда оларды мүлдем ескермеуге де болмайды.

Көлiктiң кейбiр түрлерiнiң қызмет ету аясы табиғи монополияларға жатқызылған, сондықтан олардың қызметiне 9 шiлде 1998 жылғы Қазақстан Республикасының “Табиғи монополиялар туралы” Заңы да қолданылады.

Қазiргi таңда тасымалдаудың жекелеген түрлерiн реттейтiн заңдар қабылданып әрекет етуде. Оларға мыналар жатады: 1) 8 жел-тоқсан 2001 жылғы Қазақстан Республикасының “Темiр жол көлiгi туралы” Заңы; 2) желтоқсан 2001 жылғы Қазақстан Республикасының “Азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу туралы” Заңы; 3) 17 қаңтар 2002 жылғы Қазақстан Республикасының “Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы” Заңы. Заңды тұлғалар мен азаматтардың тұрғындар үшiн жүк тасымалдаулармен айналысатын қызметiне Қазақстан Республикасының Баға және антимонопольды саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң 20 қыркүйек 1996 жылғы №9/7 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасында тұрғындарға тұрмыстық қызмет көрсету ережелерi қолданылады. Сонымен қатар 15 қазанда КСРО министрлер кеңесiмен бекiтiлген КСРО-ның iшкi су көлiгiнiң жарғысы (IСКЖ) да маңызды болып табылады. 18 маусым 1970 жылы Қаз ССР Министрлер Кеңесiнiң қаулысымен бекiтiлген Қаз ССР-дiң автомобиль көлiгiнiң жарғысы (АКЖ) да қолданылады. Заңнаманың соңғы аталған екi актiсi Қазақстан Республикасының аумағында, Азаматтық кодекстiң 3-бабының 2-тармағында көзделген ережелердi ескере отырып, әрекет етедi.1 Қазақстан Республикасының аумағы арқылы темiржол, әуе, автомобиль, теңiз және iшкi су көлiктерiмен мемлекетаралық байланыстар үшiн ашық жолдар, трассалар мен су жолдары бойынша жүктер мен жолаушылардың транзиттiк тасымалы жүзеге асырылуы мүмкiн. Олар Республиканың заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық келiсiмдерi мен шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

 Реферат / 28 бет


Comments closed.