Мазмұны

Кіріспе…….7
1 Мұғалім мен оқушының тығыз қарым-қатынасқа түсуіне педагогикалық шеберліктің тигізетін әсерінің теориялық негіздері…..10
1.1 Педагогикалық шеберлік психологиялық-педагогикалық проблема ретінде…..10
1.2 Қазіргі білім жүйесі жағдайындағы мұғалім мен оқушының өзара қарым-қатынасы және оның педагогикалық шеберлік тәуелділігі….22
2 Мұғалім мен оқушының тығыз қарым-қатынасқа түсуіне педагогикалық шеберліктің тигізетін әсерін зерттеу жұмысы……49
2.1 Мұғалім мен оқушының тығыз байланысқа түсуін тиімді жетілдіру бойынша жүргізілген тәжірибелік зерттеу жұмысының сипаттамасы…49
2.2 Зерттеу жұмысының нәтижелері…..61
Қорытынды …….66
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі…..70
Қосымшалар …….73

Кіріспе

Зерттеудің көкейкестілігі. Қазіргі жеделдету, демократияландыру жағдайында Қазақстан Республикасында басты міндеттердің бірі — ұлттық ерекшеліктерді еске алып, жастарга терең білім мен тәрбие беру ісін одан әрі дамыту және жетілдіру. «Қазақ мектептері — қазақтарға білім берудің басты құралы … біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы мектептерде. Сондықтан мектептерде жақсы білім беретін болсын … Ғылыммен қаруланған, әр нәрсеге дұрыс көзқарасы бар адамдар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа әсер ете алады.   (Ы. Алтынсарин ). Еліміздің еркіндік алуы, тіл аясының кеңеюі, қазақ мектептері санының көбеюі бүгінгі талапқа сай кадрларын әзірлеу, жас педагогтарға өзіндік бағыт, бағдары бар түйінді ойларды жинақтап жеткізу қажеттігін туындатып отыр. Сол себептен де қазіргі заман мектебі жоғары деңгейде маманданған кәсіпқой мұғалімді күтуде. Бүкіл әлем бұл күнде тәлім-тәрбие қызметіне ең білгір, ең талантты, өте жауапкершіл педагог — мамандардың кажеттігін мойындап отыр. Себебі адам тағдырында мектептік кезеңі аса маңызды. Балалардың өмірлік бастауында жетесіз педагог тұрса, одан келер шығынды өлшеп болмайды. Сондықтан да педагог білікті маман, өз ісінің шебері болуы керек. Яғни педагог шебер болу үшін: өзінің мүмкіндіктерін жаңа формация мұғалімі ретінде объективті бағалай алуы керек, кәсіби мамандығына қажетті қабілеттерді меңгеруі тиіс, жалпы мәдениетті, интеллектуалды іс-әрекетті, мінез-құлық, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруі тиіс, өтіп жатқан интеграциялық процестерге, әлемдік білім беру кеңістігі қарқынына бағыттала алуы тиіс.

Педагог әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, адамдармен, әсіресе, оқушылармен қарым-қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік білетін әрі уағыздаушы, таланты мен тәжірибесі тоғысқан, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі жеріне деген сүйіспеншілігі негізінде оқушыларға үлгі болуы керек.

Ұстаздың шеберлігі — талантты қажет ететін ерекше бір өнер емес, бірақ, ол басқа да мамандарды шеберлікке үйретуде қажет болатын мамандық. Жас ұрпақ тәрбиесіне бүкіл ғұмыры мен қайратын және бойындағы асыл сезімдерін бағыттаған мұғалімдерді айтуға болады.

Елбасымыз Нұрсылтан Назарбаев  «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелер міндет ауыр» деген болатын.     Қазіргі заман Мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болуы емес, тарихи танымдық, педагогикалық-психологикалық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың қазіргі жаңа технологиясын шебер терең меңгерген болғанда ғана білігі мен білімі жоғары, жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады деп ойлаймын.

Қазіргі кезде ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір адамға сапалы және терең білімнің, іскерліктің болуын қамтиды. Шебер ұстаз дегенді шығармашыл ұстаз деп те атар едім. Шығармашыл ұстаз күнделікті әрбір сабағын түрлендіріп өткізуге тырысады. Оқушының білімін көтерудің ең басты шарты-оның пәнге деген қызығушылығын арттыру. Пәнге деген қызығушылығы болса ғана, бала оған көңіл қойып тыңдап, тереңдете оқып үйрене бастайды. Пәнге қызыққан оқушының білім сапасының жоғары болатыны белгілі. Шебер мұғалім үнемі оқушының ойлау белсенділігін арттырып, білімге қызығушылығын тудырғанда ғана ұстаз мақсатына жетеді.

Сабақты тартымды, қызықты етіп өткізу — мұғалімнің шеберлігі, білімділігі, таланты. Егер, мұғалім сабақта бір тақырыпты оқытуда оқушыларды ойландыруға, ізденуге, тәжірибе жасап, істеген жұмысын қорытындылай білуге, сөйлеу мәдениетін дамытуға, ғылыми тілде сөйлей білуге назар аударса, келесі бір сабақтың тұрмыс, салт- сана көрінісіне, кәзіргі жеткіншек жете білмейтін ұғым- түсінігін бүгінгі өмір салтына жинастыра көңіл аударса, сол арқылы танымдық мақсат қояды. Сөйте отырып, ұлттық дәстүрді қадірлей білуге, адамгершілікке, ізгіліктілікке, ұлттық тәлім- тәбие беруге назар аударылады. Сабақ үрдісінде оқушылар өзіне- өзі баға беруге, әлсіз жақтарын сын көзбен қарауға өзінің жетістігін жете білуге, өзбетімен іздене білуге дағдылары қалыптасады. Оқушылар арасында ынтымақтастық, сенім ахуалы қалыптасып, өзара сыйластық орнайды. Міне, осыларды педагогикалық шеберлікті аша түсудің тағы бір қыры деп есептеймін.

Мұғалімге қойылатын талап – жауапкершілік, жүктелген үлкен міндет, абыройлы істің сан қырлылығы одан жан – жақты терең біліктілікті, аса педагогикалық шеберлікті, өте нәзік психологиялық қабілеттілікті талап етеді.

Бұдан нені байқауға болады? Мұғалімнен жан – жақты терең білім-біліктілікті, сегіз қырлы, бір сырлылықты талап етіп тұрған жоқ па?

Мұғалімнің бір ғана сыры – оның мамандығы. Бұл дүниеде теңдесі жоқ мамандық тек мұғалімге ғана лайық. Сондықтан ұстаз адам – кәсіби мамандығына құштар, оны жан – тәнімен сүйетін, барлық өмірін соған арнауы тиіс. Олай болса мұғалім еңбегінің сан қырлылығы осыдан өрбиді. Мұғалім адамның өз пәнін терең меңгеруі оның ең алғашқы қыры, кәсіби шеберлілігін үздіксіз ұштай, шыңдай түсуі екінші қыры болмақ.

Үшінші қыры – мұғалімнің тілді меңгеруі – тіл шеберлігі. Сөзді жетесіне жеткізе сөйлей білудің өзі – өнер. Себебі, тіл – тәрбие құралы.

Төртінші қыры – байқағыштық сезімі – көрегендігі.

Бесінші қыры – әр жүректі білім шұғыласымен нұрландырудың ең тиімді, ең төте жолын таба білетін жасампаздығы.

Алтыншы қыры – жан – жақты дарындылығы.

Жетінші қыры – үздіксіз, тынымсыз ізденімпаздығы. Сегізінші қыры – үлгі-өнегесі, мұғалім мәдениеті немесе педагогикалық әдеп – этикасы деуге болар еді. Себебі, мұғалімнің келбеті – сыртқы мәдениеті, қарым-қатынасы, өзін-өзі басқаруы, бақылауы, сөйлеу мәдениеті, үздіксіз жаңарып, өзгеріп, үнемі жаңа сипатқа ие болып отыруы мұғалімдік мамандықтың ең басты этикалық сапалық белгісі.

Мұғалім – Ұстаз тұлғасы, оның іс-әрекетінің сан – қырлылығынан ұстаз беделі деген ұғым туындайды. Мұғалімнің беделді болуының алғы шарттары: бірінші: балаға үлгілі болуы, және үлгі көрсетуші болуы керек.

Шебер педагог көзі қарақты, құлағы сергек, көкірегі ояу, білім беру саласында атқарылып жатқан игі істердің куәсі болуы керек. Сонымен бірге жаныңды шуаққа бөлеп, үлкен үмітке жетелеуші- білім беру саласы мұғалімдік мамандықтың сыры мен қырын шебер меңгерген, сол кәсіптің ыстығы мен суығын өзі де басынан кешірген адам нағыз ұстаздар, шынайы бапкерлер осындай қасиеті бар жандардан шығады. Сыпайы әдебімен, тұнық мінезімен, терең білімділігімен көпке жақын адам.

Мұғалім шеберлігі – бұл өте жоғары білімді сапалар жиынтығы, әрі ұдайы жетіліп отыратын тәрбиелеу мен оқыту өнері. Жеке тұлға мәдениеті, білім мен өрісті дүниетаным, педагогикалық техника мен озат тәжірибе, осы педагогикалық шеберліктің негізі деп ойлаймыз. Қазіргі заман мұғалімнің тұлғалық белгісі – ой өрісінің кеңдігі мен оның ауқымды дүниетанымы. Заман ағымымен теңдей қадам басамын деген әрбір адам өте көп ақпараттан хабардар болуы қажет. Қазіргі заман оқу әдістерін жеке меңгеру де осы шеберліктің бір қыры. Енді бір қыры – шәкіртпен қарым – қатынастың, шәкірттің іс-әрекетін қуаттау немесе тежеу болып табылады. Ұстаз өмір бойы бала тәрбиесіне ықпал етумен яғни дәлелдеп сендіру, шәкірттің қызығушылығын дамыту, талап ете білу. Осы ықпал түрлерін іске асыруда ұстаз нағыз шебер болуы керек.

Педагогикалық шеберліктің қалыптасу мәселесі, оның мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастағы рөлі жайында педагогика мен психология саласында  Ю.П.Азаров, Ю.К. Бабанский, Н.В.Кузьмин, С.Д.Смирнов, В.А.Сластенин , Н.Д.Хмель, Шкутин Л.А, Н.В.Александров жұмыстары, Н.В. Кухарев, А.В.Мудрик, А.В.Петровский, В.И.Слуцкий, П.И.Пидкасистый, Л.И.Рувинский, А.А.Гин, А.П.Чернявская, А.А.Калюжний, Н.В.Мирза, Т.П.Смолькина  және басқа да ғалымдардың  еңбектерінде педагогикалық шеберлікті жетілдірудің жолдары ашылып, зерттелді. Жаңашыл-ұстаздардың Ш.А.Амонашвили, В.Ф.Шаталов, Ю.П.Фокин, Е.Н.Ильин, С.Н.Лысенковая және де басқалардың  үлкен жаттығу тәжiрибесi  «мұғалім–тәрбиеленуші» жүйесінде қарым-қатынастың тиімді болуына  жоғарғы педагогикалық шеберлік  әсер ететіндігі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Оқушылармен қарым-қатынасқа түсудегі педагогикалық шеберліктің өзектілігі және осы қарым-қатынасқа мұғалімнің дайындығының жеткіліксіздігіне  біздің зерттеуіміздің тақырыбы  «Мұғалім мен оқушының тығыз қарым-қатынасқа тусуіне педагогикалық шеберліктің тигізетін әсері» себепші болды.

Зерттеудің обьектісі: Мұғалім мен оқушының тығыз қарым-қатынасқа түсуіне педагогикалық шеберліктің тигізетін әсері.

Зерттеудің пәні: жалпы  орта білім беретін мектептің оқу-тәрбиелік процесі.

Зерттеудің мақсаты: мұғалім мен оқушының тығыз қарым-қатынасқа түсуіне педагогикалық шеберліктің тигізетін әсерін зерттеу.

Зерттеудің болжамы : егер мұғалімдерге  педагогикалық шеберлік туралы теориялық және практикалық бiлiмдерді  меңгеру жағдайы туғызылса, және кәсiби қызметтерде  оларды қолдана  алатын болса, онда оқу-тәрбиелiк процесінің барлық кезеңдерiнде тәрбиеленушiлермен олардың қарым-қатынасқа түсу тиiмдiлiгі жоғарлайды.

Зерттеудің міндеттері:

Теориялық деректерді талдау  және «педагогикалық шеберлік», «педагогикалық қарым-қатынас» ұғымдарының мәнін  анықтау.

Ұстаздың  тәрбиеленушiлермен  қарым-қатынасы тиiмдi болуы үшiн, оның  қажеттi  шарттарын анықтау.

Тиімді қарым-қатынасты жүзеге асыру үшін педагогикалық шеберліктің жоғарлату әдістерін талдау.

Зерттеудің әдістері: ғылыми, психологиялық-педагогикалық әдебиеттерді теориялық тұрғыдан талдау, педагогикалық тәжірибені зерттеу және жинақтау, бақылау, тест жүргізу, әңгімелесу.

Жұмыстың құрылымы  тақырыппен, зерттеу объектісі мен  пәнімен,  мақсаты  мен міндеттерімен, ғылыми болжаммен қамтылған.

Дипломдық жұмыс: кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

 Дипломдық жұмыс / 75 бет


You must be logged in to leave a reply.