01. января 2012 · Комментарии к записи Қазақстан Республикасы тұрғын үй нарығы мәселесі отключены · Categories: Экономика, макроэкономика, микроэкономика, Инвестиция

МАЗМҰНЫ
Кіріспе
Негізгі бөлім
I. Қазақстан Республикасы тұрғын үй нарығы мәселесі
1.1. Тұрғын үй нарығының құрылымы мен қызмет ету механизмі
1.2. Тұрғын үй нарығының қалыптасу тенденциялары мен дамуы
1.3. Тұрғын үй нарығын жетілдірудің негізгі бағыттары

II. Тұрғын үй саласындағы несиелік қатынастар. Ипотекалық несиелеу
2.1. Тұрғын үй саласындағы несиелік қатынастардың пайда болуы, қалыптасуы және даму тарихы
2.2. Ипотекалық несиелеудің экономикалық және құқықтық мазмұны
2.3. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ

Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

«Тұрғын үй құрылысы – біздің экономикамызды алға сүйреуші қуатты күш»

ҚР Елбасының Қазақстан халқына жолдауы

Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің барлық жағдайларын жасау қажеттігі бекітілген [1]. Тұрғын үй мәселесі қазіргі заманның өзекті әлеуметтік мәселелерінің бірі ретінде сақталып отыр.

Кез-келген елдің тұрғын үй саясатының бастапқы мақсаты – «әрбір отбасын қолайлы тұрғын үймен және қоршаған ортамен қамтамасыз ету».

Жылжымайтын мүлік рыногы ұлттық экономиканың маңызды құрамдас бөлігі және қарқынды дамушы рыноктардың бірі болып табылады. Жылжымайтын мүлік рыногы ауқымы кең рынок болып саналады. Тұрғын үй – рыноктық экономикада экономиканың түрлі секторының даму қарқынын және халықтың, жалпы елдің келешегіне деген сенімін бейнелейтін өсімнің көрнекті көрсеткіші.

Тұрғын үй мәселесі Кеңес дәуірі кезінен-ақ шешуі қиын мәселе болатын. Ел экономикасы өтпелі кезеңнен өтіп, дамудың даңғыл жолына түскен шақтан бастап халықтың саны да өсіп, тұрғын үйге деген сұраныс еселеп артты.

Жеке тұрғын үй баспанасының болуы – әрбір отбасы үшін бірінші кезекті қажеттілік. Бұрынғы кеңестік жүйеде мемлекеттік тұрғын үй құрылысы үшін бюджет ресурстарының орталықтандырылған бөлінісі мен тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін кезекте тұрған азаматтардың арасында тегін бөліп беруді бейнелейтін еді. Қазақстанның тәуелсіздік алып, рыноктық қатынастарға өтуі бұл үлгінің сәйкессіздігін көрсетті. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және құрылысты бюджеттік қаржыландырудың қысқаруы жағдайында тұрғын үйге қол жеткізудің негізгі көздері тұрғындардың өз қаражаттары мен әлемнің экономикасы дамыған елдеріндегідей банктік несиелер ғана болып қалды.

Осыған орай, тұрғын үй мәселесін шешу Қазақстанның мемлекеттік саясаты үшін негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Осы ретте «Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену стратегиясы» атты халыққа Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев тұрғын үй саласының дамуына ерекше назар аударып, басты бағыттары ретінде жылжымайтын мүлік рыногын дамыту, тұрғын үйді жалға беруді дамытуды атап көрсеткен [2]. Сонымен қатар, тұрғындардың жекелеген бөліктерін қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және өзектілігімен жалғасын тапқан «2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданған.

Зерттеудің  көкейкестілігі:

Қазіргі кезде Қазақстанда тұрғын үй рыногының қалыптасуы мен дамуына қатысты кешенді бағыт жоқ деуге болады. Соның салдарынан аталмыш рынокты зерттеу мәселесі отандық ғылым саласында әлі де болса, терең зерделене қойған жоқ. Елдің тұрғын үй рыногын реттеуші біртұтас мемлекеттік орган жоқ.

Жоғарыда айтылғандар негізінде, қазіргі жағдайда тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік рыногының дамуы жан-жақты терең зерттеуді, ғылыми талдауды, жаңа сапалы шешімдерді іздестіруді талап етеді.

Міне, осы мәселелер, яғни әлеуметтік шынайылықтың экономикалық себептерін іздеу немесе тұрғын үй мәселесінің әлеуметтік салдарын қарастыру, айқындау — зерттеудің көкейтесті міндеті болып отыр.

Тақырыптың ғылыми зерттелу дәрежесі. Зерттеудің ғылыми аспектілері тұрғын үй және жылжымайтын мүліктер рыногының мәселелері бойынша шетелдік және отандық ғалымдардың теориялық, әдіснамалық ой-тұжырымдары мен тәжірибелік ұсыныстарын зерттеу және талдау негізінде қалыптастырылды.

Шет елдерде жылжымайтын мүліктер рыногы дамуының әдістемелік және әдіснамалық мәселелеріне үлкен назар аударылады. Шетелдік ғалымдар арасында М. Бейли, Т. Вонг, П. Зорн, Л. Греблер, Дж. Керла, Дж. Клэпа,
Дж. Куигли, Дж. Маддал, С. Мэйсел, Р. Мьют, Э. Ольсен, Н. Ордуэя, О. Плот, Г. Поялковский, С. Ренни, Р. Страйк, Дж. Форрестер, Дж. Фридмен, Т. Хорт, Р. Шваб, Р. Шиллер және т.б. ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өтуге болады.

Тұрғын үй және жылжымайтын мүліктер рыногының қалыптасуы мен дамуы мәселелерін зерттеуге үлкен үлес қосқан ресейлік ғалымдардың арасынан И.А. Абанкина, А.Н. Асаул, Т.Д. Белкина, И.Т. Балабанов, В.Г. Волочков, А.К. Гузанова, В.А. Горемыкин, Л.И. Дронова, В.Г. Игнатов, О.З. Каганова, Н.В. Калинина, А.В. Карасев, Н.П. Кетова, В.С. Мхитарян, Н.Н. Ноздрина, А.С. Новоселов, Э.В.Пешина, И.А. Рахман, В.И. Ресин, Н. Рогожина, Г.М. Стерник, А.В. Теляков, Р.И. Шнипер, Е.М. Чернышев, В.З. Черняк,
И.А. Чубаров тәрізді ірі ғалымдарды атауға болады.

Коммерциялық жылжымайтын мүліктер рыногының объектілерін тиімді басқаруды зерттеуге Р.Д. Бесланов, В.В. Кулибанов, М.Л. Разу және басқа да ғалымдар іргелі еңбектерін арнаған.

Мәселенің жекелеген аспектілерін отандық экономистер
Ш.Р. Абдильманова, Н.М. Дюсенбаев, С.А. Илашева, К.К. Кажымурат,
А.К. Курманалина, Л.Б. Кулумбетова, К.В. Онлабаева, Т.М. Утин,
У.Ж. Шалболова және басқалар терең де жан-жақты зерттеді.

Жылжымайтын мүліктер рыногында болып жатқан үдерістерге терең талдау жасау мақсатында бірқатар қазақстандық ғалымдарың еңбектерінде зерделенген әдістемелік бағыттар қолданылды. Олардың қатарында:
Е.Б. Аймаганбетов, А.А. Алимбаев, Р.А. Алшанов, С.Н. Алпысбаева,
А.Т. Ашимбаева, У.Б. Баймуратов, Т.Б. Баяхметов, А.К. Кошанов,
Т.А. Есиркепов, А.Ж. Орманбаев, С.С. Сатубалдин, Е.А. Туркебаев сияқты ғалымдардың еңбектері ғылыми құндылықтар болып табылады.

Аталған ғалымдардың еңбектерін жоғары бағалай отырып, қазіргі әлеуметтік-экономикалық және саяси нақтылыққа қатысты тұрғын үй және жылжымайтын мүлік рыногының қалыптасу және даму мәселелерінің жасақталу деңгейінің жеткіліксіз болып табылатындығын айта кету керек. Жылжымайтын мүліктер рыногы мәселесінің күрделілігі, оның қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайына сай біртұтас даму тұжырымдамасының болмауы, түсініктемелік-категориялық аппараттың үзіктілігі, жылжымайтын мүліктер рыногын басқару мәселесінің жоғарғы тәжірибелік маңыздылығы зерттеу жұмысының мақсатын таңдап, міндеттерін бекітті.

Зерттеу  обьектісі: Қазақстан Республикасының тұрғын үй мен коммерциялық жылжымайтын мүліктер рыногы

Зерттеудің мақсаты: Тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүліктер рыногының қалыптасуы мен дамуын және ипотекалық несиелендіру жүйесін зерттей отырып, ғылыми негізделген ұсыныстар жасау.

 Зертттеу  әдістері: Ғылыми  әдебиеттерді  талдау,  құрылымдық-мазмұндық  салыстыру,   интернет және  ағымдағы    ақпараттық   баспа  материалдарын  пайдалану. Қазақстан Республикасы Статистикалық агенттігі материалдарын  қолдану.

Зертттеудің   теориялық   және  әдіснамалық   негізі:  Қазақстандық  әлеуметтану  ғылымының  негізгі  бағыттары  өкілдерінің   және   экономика ғылымдары   ғалымдарының  еңбектері  болып  табылады.

Зерттеудің  ғылыми  жаңалығы: Қазіргі кезеңде тұрғын үй нарығын зерттей отырып, дамытудың тиімді жақтары мен бағыттарын анықтау басты шарт болып табылады. Зерттеу барысында алынған төмендегi нәтижелер диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығын анықтайды:

  • тұрғын үй нарығы және тұрғын үйдің тауар ретіндегі теориялық ерекшеліктеріне ғылыми анықтамасы;
  • шетелдік нарық тәжірибесіне зерттеу және талдау жүргізе отырып, тұрғын үй нарығын жетілдіру әдістерінің негіздемесі;
  • отандық тұрғын үй нарығының даму ерекшелігі, даму периодын анықтауы мен даму жағдайына баға беруі;

Зерттеу  кезеңдері: Зерттеудің 1 кезеңінде (2010-2011 ж.ж.)  әдебиеттер  іздестіріліп,  мақала және курстық  жұмыс  жазылады. Зерттеудің 2 кезеңінде (2011-2012 ж.ж.) магистрлік диссертация нақты  орындалып,  мақала,  диссертация   жазылады. Зерттеу жұмысы  толығымен   аяқталады.

  Курстық жұмыс / 36 бет


Comments closed.