ЖОСПАР
Кіріспе…….3
1 Жаһандық жылынудың қоршаған ортаға әсері…..5
2 Жаһандық жылыну себеп салдары…..7
3 Ғаламдық жылынудың әсерлері…….15
4 Озон қабатының бұзылуы -ғаламдық экологиялық проблема….17
Қолданылған әдебиеттер…….20

КІРІСПЕ

Адамзат баласы мен Табиғат-ананың айқасы жанайқай шегіне жетіп қалған сияқты. “Табиғатты бағындыру” қағидасы ұранға айналған ХХ ғасырдағы адам әрекеті қоршаған ортаның табиғи тепе-теңдігінің іргетасын шайқалтты. Тіршілік атаулы табиғатпен үйлесімді әрекеті арқылы ғана дами алатындығын, өзі де сол Табиғат-ананың бір баласы екенін жиі естен шығаратын адамзат тойымсыз тәбетін табиғатты тұқырту тәсілімен қанағаттандыру жолына түскен еді.

Өзін “адамзат рухының құлдырау ке­зеңінде туғаныма өкінемін” деп санаған атақты неміс-француз ойшылы, әйгілі гуманист Альберт Швейцер “Малына қорек үшін шабындықтағы мыңдаған өсімдіктерді отайтын шаруа, еріккеннің ермегі үшін жол жиегінде өсіп тұрған бір тал гүлді жұлуға тиісті емес, себебі бұл жағдайда ол, ешқан­дай қажеттіліктен тумаған, табиғатқа қарсы қылмыс жасайды”, деген екен. Себепсіз бір тал гүл жұлмақ түгілі, тұтас ормандарды отап, те­ңіз­дерді құрғатқан адам­заттың “Асау та­биғаттың бермегенін тартып алайық!” деп даурыға ұрандағанын да білеміз. Әлі де “ат­тан­дап” келеді. Қан­ша жомарт болса да Жер жарықтық тойымсыз­дықтан тұншықты, қанша төзімді болса да Табиғат-ананың тынысы тарылды.

Тарылғаны сол емес пе, ХХІ ғасыр бас­тауы табиғи апаттар мен сілкіністерден ес жи­ғызбай барады. Мәңгі жасыл құрылық­тар­ды жаз ортасында қар басып, Гренландия­ның мұз құрсаулырының жыл сайын 250 млрд. тоннасы еріп, бу мен суға айналып жатыр.

Ғалымдық жылынуға мызғымайтындай көрінген Гренландия аралында пайда болған сөгінді-жарық ұлғайып келеді. Арктика мұздары көлемiнiң кiшiреюi де бұл қауіптің басы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамасы бойынша, климаттың ғаламдық өзгеруінен бүгінде 150 мыңнан астам адам көз жұмған. Бүгінде әлемнің барлық жерінде ауа райының жаһандық жылыну үрдісі байқалып, бұл әлемдік экологтардың дабыл қағуына түрткі болып отыр. Естеріңізге сала кетейік, халықаралық қауымдастық 1980 жылдан бастап ғаламдық жылыну мәселесіне назар аудара бастаған болатын.

Атмосфераның ластануы, жыл сайын ауа температурасының көтерілуі полюстердегі мәңгілік мұздардың еруіне алып келіп, соның салдарынан мұхит суларының деңгейі көтеріліп, жағалау бойына жыпырлай орналасқан ірі қалалар, елді мекендер су астында қалады деген қауіп айтыла бастады. Бұл алдымен адамның табиғатқа тигізіп жүрген залалын ойланбастан жасаған шаруашылық қызметінің салдары, көмірқышқыл газы мен метанның ауаға шамадан тыс бөлінуінің әсері деген ғалымдар пайымдауы біраз жайды аңғартты. Шынында да, жыл сайын әуеге көтерілген метан мен көмірқышқыл газы жерді қатты қызып кетуден сақтайтын инфракүлгін сәулелерді жұтып, планета температурасының көтерілуіне алып келді. Әсіресе, жылу, жарық беретін стансалардан, қаладағы кәсіпорындардан бөлінген көмірқышқыл газы атмосфералық қабатқа өтетін газдың 1/3 бөлігін құрап, қауіптің деңгейі өсе түсті.

Планетадағы жасыл алқаптар – ормандар бұл газдың біраз бөлігін қажетіне жаратқанымен, барлығын жұтуға шамасы жетпейтін болды. Ғалымдар планетадағы климат жылылығы 2 градусқа жоғарылағанның өзінде Жер шарында 500 млн. адам ауыз судан тапшылық көреді, 3 градусқа жылығанда 3 млрд. адам ауыртпалық тартады деп есептейді. Мұз көлемінің азаюы мен жұқаруының Солтүстік мұзды мұхитындағы ағыстар мен Арктикаға ғана емес, Солтүстік Атлантикаға да әсері бар екендігі айтылады. Ғалымдар арада 30-40 жыл өткенде Солтүстік мұзды мұхитының жылдың жылы мезгілдерінде толығымен мұз құрсауынан босанатындығын алға тартады. Әлемнің ең биік мұзарт шыңды Гималай тауларының да мұздақтарына еру қаупі ұлғайып келеді. Егер дәл бүгінгі қарқынмен ол әрі қарай жүре берсе, онда 2060-жылдары мұздақтардың үштен екісі, ал 2100 жылдары барлығы да еріп кетуі мүмкін.

  Реферат / 20 бет

 


You must be logged in to leave a reply.